Білікті ғалымның өнегесі
Әр адам өзі қалаған мамандығын мақтаныш етеді. Алайда әлем халықтарында ерекше тұтатын мамандық түрлері бар. Жапон елінде мұғалімдерді ұстаз деп айрықша қадірлесе, Үндістанда дәрігерлерге деген сүйіспеншілік басымырақ екен. Бұл бірінші байлық денсаулыққа қатысты болса керек. Біздің елде соңғы жылдары дәрігерлерге ерекше назар аударылуының өз себебі бар.
Шопенгауер «Біздің бақытымыздың оннан бір бөлігі денсаулығымызға байланысты» десе, сол жолда адал қызмет еткендердің бірі Ақтөбе медицина институтының түлегі, ғылым докторы, профессор Ақзия Намазбайқызы Жұмабаева. Оның өмірі мен ғылым жолындағы тірлігі, ізденісі, үлгі өнегеге толы. Ембі қаласының тумасы жастайынан дәрігер болуды армандап, алдына мақсат қойған. Мектеп бітірген осы Ақтөбедегі медицина училищесіне оқуға түсіп, мамандығы бойынша туған жерінде жұмыс жасайды. Сол ауылда тұрмысқа шығады, балалы болады. Алайда жолдасы бір жылдан соң көлік апатынан қаза табады. Жастайынан өмірдің тауқыметін тартқан ол ата-енесін тастамай, шаңырақтың отын сөндірмей ұлын да тәрбиелеп өсіреді. Оған қоса білімін көтеруді басты мақсат деп санайды. Сөйтіп 1975 жылы Ақтөбе медицина институтына оқуға түседі. Ғылым жолын қуады. 1986 жылы Мәскеуден кандидаттық диссертация қорғайды. Тақырыбы «Патологиялық анатомияның күрделі мәселелері». Көп ұзатпай докторлық ғылыми дәрежеге қол жеткізеді.
— Біз институтта бірге оқыдық. Ақзия Намазбайқызы педиатрия факультетінде, мен емдеу факультетінде белсенді болдық. Ол ортаның адамы бола білді. Студенттердің көптеген шараларын ұйымдастырудың ұйытқысы еді. Мен хирургия саласына ден қойсам, ол ғылымға қол созды. Жетістігі мол болды. Біздің курстағы қыздардың ішіндегі профессор атанған бірден-бір адам. Шын мәнінде, біздің мақтанышымыз, — дейді оралдық курстасы Әли Бектұрғанов.
— Оның ғылымдағы ізденісі бір бөлек әңгіме. Ол кезде диссертация қорғау өте күрделі болатын. Өйткені Мәскеудегі жоғары аттестациялық комиссиядан өтетін-ді. Сол сынақтардан өткендердің бірі емес, бірегейі. Институтта Ақзия Намазбайқызынан дәріс алғандар білімді де білікті ұстазын естен шығармайды. Талай шәкірті медицина саласында басшылықтан өтуде. Бүгінде абыройлы қызмет жасап жүрген Қайрат Сабыр, Рүстем Исаев, оның шәкірттері, — дейді дәрігер Лаура Жазықова. Жалпы көпке ұстаз бола білген қадірменді ғалым республикадағы патанатомияның санаулы профессорларының бірегейі.
— Мен білім ордасында ол кісіден патологиялық анатомия пәні бойынша дәріс алдым. 5-6 курста Ақзия апай деканның орынбасары да болды. 2005 жылдан бастап облыстық патанатомиялық орталыққа басшы болып тағайындалды. Мені өзі тағайындаған ғылым жолына баулыды. 2010 жылы оның жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғадым. Әр жетістігім үшін ұстаздың алдында қарыздармын. Апай соншалықты мейірімді болғанымен, жұмыста қатаң талапшыл, ғылым мен практиканы ұштастыра білген ғалым. Бүгінде апайдың ізбасары ретінде облыстық орталықтың директоры болып қызмет атқарудамын, — деді шәкірті Гүлзат Қазбекова.
Патологиялық анатомия — құпия қыр-сыры мол ғылым саласы. Осы бағыттағы адал еңбегі үшін танымал профессор Балаш Түсіпқалиев әріптесі Ақзияның есімін үнемі ерекше ілтипатпен атайтынын айтады шәкірттері. Өмірде түрлі жағдайлардан көз жұмғандардың себептерін ашуда сарапшылар оның пікіріне ден қояды екен.
Иә, Ақзия Жұмабаева жаныңызда жүрген жақсы адамдардың бірі. Жақында Атырау қаласында осыдан қырық жыл бұрын оқу ордасын бітірген институт түлектері бас қосқанда барлығы әріптесі Ақзия Жұмабаеваның үлгі-өнегесін ауызға толтыра әңгіме еткен. Өйткені бұл жүздесуге ол денсаулығына орай қатыса алмаған. Елі үшін адал қызмет атқарған ғылым докторы жақында ғана 70 жасқа толды. Халықтың адамы атанды. Бұл — үлкен абыройдың белгісі. Профессор Ақзия Намазбайқызы — білімді де білікті шәкірттерімен бақытты ғалым ғана емес, Гиппократқа берген антына адал үлкен тұлға.
Жақсылық АЙЖАНОВ.